Кез – келген мемлекеттік мекемеге келгенде, бірінші кезекте – мекен-жай бойынша дұрыс келгенімізге көз жеткізу үшін, біз сол мекеменің маңдайшасын оқимыз. Бірақ бәрі оның қандай болуы керек екенін біле бермейді.

 

Біріншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары» бар. Осы Қағидалар Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік ғимараттарда орналастыру тәртібін айқындайды.
           

Маңдайша көлемі 60х80 сантиметрден кем болмауы тиіс. Қажет болған жағдайда оның мөлшерін ұлғайту мүмкін, бұл ретте 3/4 арақатынасы сақталуы тиіс. Маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.

 

Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады.

 

Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы маңдайшаның жоғарғы үштен бір бөлігінің ортасында орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының диаметрі мынадай ара қатынасқа сәйкес келуге тиіс:

          

 -көлденең орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/5;

         

 -тігінен орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/6.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметр болуы тиіс. Полотноның реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болуға тиіс.

 

Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады. Әріптердің шрифті "Book Antiqua". Егер мемлекеттік мекеме орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органның құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері болып табылса, онда маңдайшада мемлекеттік органның атауын көрсету қажет.
           

Осы жазба Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылуға тиіс.

 

Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде және басқа да тілдерде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады. Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.

 

Маңдайшаны орналастыратын орын мемлекеттік органның атауы мен орналасқан жері туралы ақпарат беруге және оған кіретін жерді көрсетуге тиіс. Маңдайша ғимараттың қасбетінде үй-жайға кіреберістен 10 метр қашықтық шегінде немесе мемлекеттік орган алып отырған үй-жай шегінде орналасуға тиіс.

 

Қасбеттегі маңдайшаларға кешкі уақытта жарық түсірілуі керек. Сонымен қатар, маңдайшаларды мемлекеттік орган пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық

және эстетикалық жай-күйде күтіп ұстауға тиіс.